[ Новые сообщения · Участники · Правила форума · Поиск · RSS ]
Страница 1 из 11
Форум » Рефераты » Рефераты на Казахском языке » Әлем таныған тұлға Мұстафа Шоқай (2 бет) (Әлем таныған тұлға Мұстафа Шоқай (2 бет))
Әлем таныған тұлға Мұстафа Шоқай (2 бет)
ilimДата: Понедельник, 24.10.2011, 22:22 | Сообщение # 1
Генералиссимус
Группа: Администраторы
Сообщений: 680
Награды: 17
Репутация: 4
Статус: Offline
Мұстафаның елмен байланысы 20-жылдардың бас кезінде Германияға оқуға жіберілген өзбек, қазақ жастары арқылы нығая түседі. 1930 жылдың 1 желтоқсанында М.Тынышпаев Алматыда ОГПУ саяси өкілдігі шығыс бөлімінің тергеушілеріне берген жауабында 1922 жылдың жазында оған М.Дулатов пен Д.Әділовтің келгенін, содан соң олардың Ғазымбек Бірімжановтың Германияға оқуға бара жатқандығын, оған М.Шоқайды қазақ халқының жағдайымен таныстыруды, Мұстафаға қазақ халқына төніп тұрған апат жөнінде әлем жұртшылығын хабардар етуді тапсыру керектігін айтады.

Арада екі жыл өткеннен соң Ғазымбектен қазақ зиялылары М.Шоқайдың Парижден Берлинге келіп, студент-жастармен кездесіп тұратыны және шет елдерде бірсыпыра жұмыс атқарып жүргені жөнінде мағлұматтар алады. М.Шоқайдың өзімен де, оның жолдас-жораларымен де аралас-құралас болған қайраткерлердің бірі Халел Досмұхамедов болғанын айтып өткенбіз. 1921 жылдың бас кезінде Ташкентте Түркістан АКСР-і Халық Ағарту Комиссариаты жанынан Қазақ-қырғыз білім комиссиясы құрылып, 1922 жылдың күзінен оның төрағасы болып Х.Досмұхамедов тағайындалады. Осы кезеңде Комиссия Халық Ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми кеңестің құзырына өтеді, онда Н.П.Архангельский жұмыс істейді. Білім комиссиясындағы адамдар да, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, М.Тынышпаев, Ж.Досмұхамедов, Қ.Қожықов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ғ.Бірімжанов, Д.Әділов те М.Шоқайды жақсы білетін. Сонымен бір ведомстводағы қызметтес бұл адамдардың, олардың ішінде Х.Досмұхамедовтың Н.П.Архангельскиймен таныстығы заңды нәрсе.

Оның үстіне Халел Н.П.Архангельскийді М.Шоқаймен Петербургте бірге оқып жүрген кезінен білуі де мүмкін. Сол себепті Х.Досмұхамедовтің Н.П.Архангельскиймен кездесулерінде сөз арасында М.Шоқайды еске алып қалуы ғажап емес. Мұны айтып отырғанымыз, тікелей осы екі адамның аралығындағы қарым-қатынастар бастауларын іздестіруге емес, Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорында сақталған 1922 жылдың 12 мамырында М.Шоқайдың белгісіз бір адамға жолдаған жауап хатына байланысты. Онда: "Қымбатты NN! Осы жылдың 23 қаңтарындағы сіздің қысқа жазылған хатыңыз мен үшін сюрприз болды. Маған жеткенше ондаған мемлекеттерді басып өткен хатыңызды (сондықтан да оның бағасы арта түседі) 2 мамырда алдым”, делінеді.

Бізге хаттың көшірмесі мен Н.П.Архангельскийдің хатқа аннотациясы жетіп отыр. Хаттың кімге арналғаны туралы ол былайша түсініктеме береді: "1920-1922 жылдары Түркістан Автономиясы Республикасында кеңес мектептері мен мәдени-ағарту мекемелерінде жұмыс істеп жүрген Австрия армиясынан тұтқынға түскен славяндар мен венгрлерді кездестіргенмін (олардың бәрі бірдей еліне оралмады, мысалы: Ташкентте Голянт Степан Семенович неміс тілінің, Павел Семенович Гузар география пәнінің мұғалімі болды).

Түркістан Халық Ағарту Комиссариатының Ғылыми Кеңесінде істеп жүргенімде, есімін жазып алмаппын, маған бір музыкатанушы чех келіп тұратын”. Мұнан ары қарай Архангельский осы чехқа Мұстафадан алғаш рет бір хат келгенін, өзі сол хаттың көшірмесін түсіріп алғанын, бірақ кімге жіберілгенін, яғни чехтың аты-жөнінің есінде қалмағанын баяндайды. "Өзім М.Шоқайды 1911-1916 жылдары Петербургте болған кезімнен білетінмін, 1911 жылы Түркістан [студенттері] жерлестігінің мен төрағасы да, ол хатшысы болды”, оны жұрт Ташкент гимназиясын 1910 жылы алтын медальмен бітірді”, дейді. Сонымен бірге Архангельский Петербургте Мұстафамен, басқа да мұсылман студенттермен жақсы қарым-қатынаста болғанын, оның көмегімен 1916 жылы Жетісудағы көтеріліс жөнінде құрылған комиссия баяндамасының тыңдалуына байланысты Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы отырысына қатынасқанын еске алады. Архангельский "кеңес елінің ұстамды аза-маты” ретінде көрінуге және М.Шоқаймен ешбір қарым-қатынасының жоқтығын білдіруге тырысып, хат авторына қарай "тас лақтыруды” да ұмытпайды. Сонда Мұстафаның жауап хаты кімге жіберілген? М.Шоқай Ташкенттен 1918 жылдың 12 қаңтарында кеткенін, Париждегі эмигранттардың тыныс-тіршілігін, П.Милюковтың "Екінші Орыс революциясының тарихы”, А.Деникиннің "Орыс бүлігінің очерктері” деген зерттеулердің, А.Толстойдың, Г.Гребеншиков сияқты жазушылардың роман, повестерінің жарық көргенін, "Последние новости”, "Современные записи”, "Русская мысль” секілді басылымдардың барлығын хабарлайды.

Егер хат, Н.П.Архангельскийдің айтуынша, музыкант чехқа жолданған болса, М.Шоқай Париж бен Берлиннің музыкалық өмірінен бір ауыз сөз жазбауы мүмкін емес. Бұл қалалардағы саяси өмір мен баспа жұмыстары жөніндегі мағлұматтар "музыкант чехты” онша қызықтыра қоймайтыны да белгілі. Жалпы алғанда, Мұстафа өзі мен хатты алушыға ортақ, таныс тақырыптарды қозғайды. Оған М.Шоқайдың "Нарбутабеков қайда, бұрынғыша Бакуде ме, әрбір шығып сөйлеген сөзінде өзіне-өзі қарсы шығып жүрген болар”, немесе "жан-жақтан хат алып тұрамын, айтпақшы, Ислам байғұс қатты ауырып қалды” деуі дәлел бола алады. Бұл жерде Мұстафа өзінің серіктес жолдастары Ташпулат Нарбутабеков пен Шах-Ислам Шагиахмедов туралы айтып отыр. Мұстафаның "NN, маған Түркістандағы баспа ісі туралы жазсаңыз... [қырғыздар туралы мәселе]. Ташкенттегі қырғыз газетін кім басқарады” деген сауалдары да "музыкант чехқа” емес, өзімен қатарлас, мұраттас адамдардың біріне арналғандығын білдіреді. Чех Түркістандағы баспа ісі, қазақтардың жағдайы, "Ақ жол” газеті жөнінде қандай тұщымды мағлұмат бере алуы мүмкін?!

Егер хат Ә.Оразаев, не У.Қожаев пен В.Чайкинге жолданса, онда М.Шоқай "сіздің қысқа жазылған хатыңыз мен үшін толық сюрприз болды” деп жазбас еді. Әдебиетте әңгіме өзегі болып отырған құпия хат П.П.Архангельскийдің өзіне арналған делінеді. Олай деп есептеуге негіз жоқ сияқты. Біріншіден, мұрағаттағы хат-тұпнұсқа емес, оның көшірмесі. Екіншіден, Н.П.Архангельский Білім комиссариатының Ғылыми Кеңесінде жұмыс істеген, кейін ұзақ жылдар мұғалім болған, яғни оны Мұстафамен идеялас болды, не большевиктерге қарсы қозғалыстарға қатысты деген тұжырым жасауға келмейді.

"Современные записи”, "Русская мысль” журналдары, олардың төңірегіне топтасқан бұрынғы Директория төрағасы Н.Д.Авксентьев немесе орыс философы, кадет партиясы жетекшілерінің бірі П.Б.Струве, орыс жазушысы Д.С.Мережковский, ішкі Ресейден Түркістанға қоныс аударушылық жөнінде де Мұстафа Н.П.Архангельскиймен пікір бөлісіп жатпас еді. Сол себепті М.Шоқайға хат жазып және одан өз есімін құпиялап жауап алып отырған адамның Халел Досмұхамедов екендігі нанымдырақ көрінеді. Ал, оның жан-жақты білімді болғаны баршаға мәлім. Мұстафаның "қазақ газеті”деп отырғаны да "Ақ жол” газеті екендігі аян. Ол Париждегі өмірдің қымбатшылығы, әйелімен бірге жұмыс істегеннің өзінде күнкөріс тапшылығын тартып отырғандары, 1922 жылдың сәуір айында Берлинде болғаны, достарының сонда тұруға шақырып жүргені, бірақ Парижден басқа жаққа кетпейтіні жөнінде сыр шертеді.

Осыдан кейін Х.Досмұхамедов қандай әрекет жасауы мүмкін? Өзбек ғалымы М.Абдурашидхонов "Тангланган асарлар” кітабында осыған байланысты бір қызықты мағлұмат келтіреді. Ол – Мүнәуар Қаридың ОГПУ тергеушілеріне берген жауабы: "1924 жыл болса керек. Убайдолла Қожа мен И.Қашқынбаев, Х.Досмұхамедов ресторанда отырдық. Түскі ас іштік. Бұл есімде. Бірақ қай ресторанда екені дәл есімде жоқ. Алдымызда ішімдік те бар еді. Әңгіме арасында қазақ және өзбек (Шоқаев, Садреддин-хан) эмигранттары туралы сөз қылдық. Осы күнге шейін оларға жәрдем бермегенімізді еске алып, өзімізді, яғни қазақ және өзбек зиялыларын кінәладық. Қазақ зиялылары Шоқаевқа, өзбек зиялылары Садреддин-ханға жәрдем беруі керек деген пікірге келгеніміз де есімде. Басқа нәрселер есімде жоқ”. Мұнан Х.Досмұхамедовтың М.Шоқайдың шетелдегі тұрмыс жағдайын жақсы білетіндігі және қазақ зиялыларының оған материалдық көмек беру ісін ұйымдастыруды өз қолына алғандығы жайында түйін жасауға болады.

Олай болса, Н.П.Архангельскийдің 1922 жылы Халелге келген хаттың көшірмесін кезінде бір себептермен алып қалып, оны 1972 жылы (сексенге шыққан жасында) түсіндірмесімен қоса мұрағатқа тапсыруы қисынға соғады. Халелдің ол кезеңде әлі ақталмауы себепті Архангельский "музыкант чех” туралы ертегіге жүгінген.

Бұл пікірді Х.Досмұхамедовтің 1919 жылы М.Шоқай мен оның әйелін Кавказ бағытында шығарып салуымен, В.Чайкиннің хаттарына қарағанда, 1921-1922 жылдары Мұстафа тағдырына қатысты мәселелермен айналысуымен, мекен-жайы жөніндегі мағлұматты да В.Чайкин, не У.Қожаев пен Ә.Оразаевтан алуы мүмкіндігімен тиянақтауға болады.

Сол кезеңде ОГПУ органдарында Х.Досмұхамедовтің М.Шоқаймен Германияда оқып жүрген түркістандық студенттер арқылы хабарласып тұрғандығы жайлы материалдар жинастырылады. Мағжанның Ташкенттегі ғылыми-педагогикалық қызметіне, онан кейін Мәскеудегі Жоғары көркем әдебиет институтына оқуға түсуіне тікелей жәрдем беруі, мектеп оқулықтарын жазу үшін Білім комиссариатында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Қожанов, М.Әуезов және басқа да қазақ зиялыларын шоғырландыруы Х.Досмұхамедовтің М.Шоқаймен ынтымақтастық қозғалысынан тыс тұрмағанын көрсетеді. Ал, оның Қазақстан бойынша ОГПУ бастығының орынбасары Альшанскийге М.Шоқаймен ешбір байланысының жоқтығын айтуы түсінікті нәрсе. Дегенмен NN мен Мұстафа арасындағы байланыстың мұнан ары қарай қалай өрбігендігі жөніндегі деректің жоқтығы бұл мәселеге түпкілікті жауап беруге мүмкіндік бермейді. Қалай болғанда да Мұстафа бұрын таныс, ниеттес адамнан хат алып, оған жауап хатында өз ойларымен бөліседі. Бірақ Ташкенттен 23 қаңтарда жіберілген хаттың Париждегі Мұстафаға 2 мамырда ғана кешігіп жетуі жұмбақ көрінеді. Асылы, хат Түркияға, не батыс елдерінің біріне бара жатқан "сенімді адам” арқылы жіберілсе керек.

М.Шоқайдың елдегі таныстарымен, ұлттық қайраткерлермен байланыстар орнату жұмыстарына Түркістаннан Германияға оқуға барған жастар үлкен көмек береді. Бұлардың ішінен Ғазымбек Бірімжанов пен Мұстафа Бөкейхановты ерекше атауымыз керек. Жоғары білімді оларға Германияға бара жатқан талапкерлер құрамына арнайы енгізіліп, Кеңес өкіметіне қарсы ішкі және сыртқы күштер арасында байланыс орнату жөнінде қауіпті де жауапты міндеттер жүктеледі. Олар М.Шоқайды елдегі жағдаймен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Мүнәуар Қари, У.Қожаев, С.Қожановты "Түркістан ұлттық Бірлігі” ұйымының қызметімен таныстырады.

Ғ.Бірімжанов Германияға барған бойда С.Қожановқа хат жолдап: "Мұстафа өте нашар тұрады, студент-практиканттар оған көмектескісі келеді, бірақ ол одан бас тартты және "бұл ақша өздеріңе керек болады, өйткені алда көп істер күтіп тұр” дегенді айтты”, деп хабарлайды. Ғазымбектің Алаш қозғалысының танымал қайраткер екендігі бұрыннан-ақ белгілі болатын. С.Сейфуллиннің 1937 жылы өзінің Н.Төреқұловпен қарым-қатынасы жөнінде Л.Мирзоянға жазған хатында: "Әзімбек Бірімжанов Бөкейхановпен бірге атышулы Алашорда үндеуіне қол қойған Алаш партиясы орталық комитетінің белгілі мүшесі болған”, дейді.

Ғ.Бірімжанов Алаш басшыларының бірнеше жауапты тапсырмаларын орындайды. 1929 жылдың 1 шілдесінде Алматыда Ә.Байділдин ОГПУ өкілдігі шығыс бөлімінің бастығына берген жауабында 1922 жылы Ә.Бөкейхановтың Ғ.Бірімжановқа ол арқылы жабық хат жібергенін, оның ойынша, хатта Кеңес өкіметіне қарсылық әрекеттерді ұйымдастыру туралы айтылғанын көрсетеді. Мұстафа студенттер жеткізген баспасөзден Орынборда 1924 жылдың 12-18 маусымында қазақ және қырғыз интеллигенциясының бірінші съезі өткендігін, ол жөнінде А.Байтұрсыновтың Ғазымбек Бірімжанов арқылы жіберген хатынан да хабардар болады. Съезге Ә.Бөкейханов, Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, қырғыз қайраткері К.Арабаев қатысады. А.Байтұрсыновтың қысқа қайырылған хатында: "Барлықтарыңа бәрімізден сәлем” делінеді.

А.З.Валиди "бұл бізге жеткен бірінші сәлем хат еді” дейді, бірақ ол М.Шоқайдың оған дейін де Түркістанмен астыртын түрде хабарласып тұратынын білмейтін. Германиядағы түркістандық студенттерді бақылауға алған кеңес елшілігінің хабарларында Ғ.Бірімжановпен бірге Лапин Мұңайтпасовтың есімі де аталады және ол С.Қожановтың "қайнысы” деп көрсетіледі. Әңгіме Лапин Мұңайтпастың баласы Әбдірахман (Лапинның немересі) туралы екендігі, ал оның С.Қожановқа "балдыз” болып келетіндігі, Сұлтанбектің ол арқылы М.Шоқайдың амандық-саулығын біліп тұрғандығы мәлім. Әбдірахман 1920 жылы Түркістанда Сыр бойындағы жалайыр Садық Өтегеновтің қызы Сараға үйленеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы да (Қ.Қожықов, С.Өтегенов, С.Асфендияров, Лапиндер) М.Шоқаймен көптен бері таныс адамдар болатын. Әбдірахман – Орта Азия мемлекеттік университетінің тұңғыш түлегі, ол бұл оқу орнын Ғ.Бірімжанов, Ескендір Мангелдин, Мұстафа Бөкейханов, Сүлеймен Есқараевтармен бірге бітіреді.

Қазақ зиялылары М.Шоқаймен шет елдерге іссапарлармен барған сенімді адамдар арқылы да хабарласып отырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде болған кезінде М.Шоқаймен кездесуі және осыған байланысты оның ОГПУ-де жауапқа алынуы оқырмандарға жақсы мәлім. Бірақ соның алдында Әміренің Мәскеуде Ә.Бөкейхановпен кездесуі жөнінде айтыла бермейді. 1925 жылдың 23 маусымында Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа хат жолдап, онда Парижге жүрер алдында Әміренің ән мәтініне, ұлттық киім киюіне мән беру жөнінде пікірін айтады, дауысына қоштау білдіреді.

Ә.Қашаубаев 1927 жылдың мамырында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмеде ұйымдастырылған этнографиялық концертке де қатысады.

Атақты әншінің осы сапарларында Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың М.Шоқайға хат-хабар жолдамауы мүмкін емес, Парижден оралған бойда Ә.Қашаубаев Қызылордада болып, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовқа М.Шоқайдың сәлемін жеткізеді. Қазақ зиялыларының Париждегі жолдастарының тағдыр-талайына үлкен алаңдаушылық білдіргеніне 2007 жылдың мамыр айында Наршоқы мен "1 мамыр” ауылында Мұстафаның ұрпақтарымен сөйлескен кезімізде де көзіміз жетті. Мұстафаның немере ағасы Әліштің (Әлмұхамед) қыстауы кезінде Наршоқыда болғанымен, күздеуі қазіргі "1 мамыр” ауылындағы Ғани ақсақалдың қазіргі үйі маңайында өткізеді. Ол жерден жарты шақырымдай жерде Әліштің кірпіштен салған үйі болады. Онда Мұстафаның інісі Нұртаза, кейін Палымбеттің ұлы Кенжеғұл түрады. Мұны Қалымбетов Ойдан Кенжеғұлұлы да растайды. Ғани мен Ойдан ақсақалдардың айтуынша, 1927 жылғы күз айларының бірінде марқұм Әліштің үйіне Мұстафаның хабарын білгелі М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов келеді, шай ішіліп болғаннан кейін Палымбетұлы Кенжеғұлды, Нұртаза Шоқайды ертіп олар көлге құс атуға барады.

Сұхбаттасушылар қазақ зиялыларының мұнан бұрын Наршоқыдағы Әліш тамында болғандарын, онда да Мұстафаның аман-саулығын сұрастырғанын айтады. Қызылордаға барған кезінде Нұртазаға Ұ.Құлымбетовтің заман ағымынан хабар бергендей болып: "Мен барда сендерге көп зәбірлік көрсетіле қоймас, ал бізден соң қайдан білейін”, деген ескертуі де ел аузында. Бұл жағдайлардан қазақ зиялыларының қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне іштарта, сыйластықпен қарағаны, "өкпеге қиса да, өлімге қимағаны”, олардың Кеңес өкіметі жағында жүргендері де Мұстафаға ілтипат көрсеткені байқалады. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов пен М.Жұмабаевтың Мұстафаның туыстарына іздеп баруы көзсіз ерліктің белгісі еді.

Біраз үзілістерден кейін Мұстафаға Искандер Көпжасаров байланысқа шығады. 1930 жылдың 26 ақпанында Мұстафаға жолдаған құпия хатында Искандер хабарласа алмауының себептерінің мән-жайын білдіреді. Хатта оның бұрынғы кезде Түркістандағы ұлттық ұйымдардың бірінде жұмыс істегені анық көрінеді. Кейін біраз жылдар Герман-Ауған сауда компаниясында жұмыс істейді. Ол жаққа бой тасалап кеткені, әлде Кеңес өкіметінің қуғындауына ұшырап, Түркістаннан қол үзуге мәжбүр болғаны белгісіздеу. Тек автор былай деп хабарлайды: "Көптеген астыртын ұйымдар мен "үйірмелердің” тарихынан барлық жағдайда да жұмысты дұрыс бағыттауға қажетті амал-айла табылатынын жақсы білеміз. Қазіргі кезде мұнда (КСРО-да) ондай мүмкіндіктерді білмейсің, тіпті, ол жөнінде ойламайсың да. Тек осы жолы ғана сізге Ауғанстан арқылы кетіп бара жатқан Герман-Ауған сауда компаниясындағы қызметтесімнен хат жолдауға жағдай туды. Бір-екі ауыз сөз өзім жөнінде. Көп жылдар бойы Отанымыздың игілігін бәрінен қымбат көретін үйірмеден қол үзіп қалдым, енді қалай, кіммен байланысуды білмеймін. Сіздің Түркістанға шексіз сүйіспеншілігіңіз және ол үшін қанша құрбандыққа барғаныңызды жақсы білетін мені де есіңізге алыңыз”.

Искандердің "үйірме” деп отырғаны "Шуро-и-Исламия” ұйымы, не болмаса Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі болуы тиіс. Хат мәтінінен оның рухының жасымағандығы, күресті жалғастыруға әзірлігі аңғарылады. Ол саяси сауаты мол, қазақ зиялыларымен қарым-қатынаста болған, елдегі оқиғаларға өз көзқарасы бар тұлға ретінде байқалады. "Аса құрметті Мұстафа аға! Қазіргі уақыттағы жағдай тұрандыққа лайықты жұмыс жасау түгілі, біреумен өз ойыңмен бөлісіп кеңесуге де мүмкіндік бермейді”, деп елдегі ахуалға дәлме-дәл баға береді.

Искандер мұсылман зиялыларының тағдыр-талайынан да жақсы хабардар. Оның мағлұматтары бойынша: М.Тынышпаев Қазақстанға көшіп кеткен, егер "теміржол инженері” деген мамандығы болмағанда ол да шеттетіліп қалатын еді; Дүсей Ибрагимов та Қазақстанда, "ұзынқұлақ” хабарларда адвокатурамен астыртын айналысатын көрінеді; Ташпұлат Нарбутабеков Файзолла да (Қожаев. – К.Е.) кеңесші-заңгер болып қызмет істейді; ол 1925 жылы БК (б)П қатарына өтпекші болған, бірақ Файзолланың кепілдігіне қарамастан, одан ештеңе шықпаған. Искандер "соңғы кезде Орта Азия бойынша мұсылман зиялыларының жаппай қамауға алынып жатқанын”, оның ұзын саны 600-ге жеткенін, Ташкенттің 1000-ға таман адамның ұсталғанын хабарлайды. Яғни, Искандер "Түркістан – нағыз өлім дәлізі” деген В.Чайкиннің сегіз жыл бұрынғы хатында айтылған метафораға жаңа нақтылы дәлелдер келтіреді.

М.Шоқай Кеңес өкіметінің ұлт зиялыларын қуғындау саясатын әшкерелеп, "Яш Туркістан”, "Последние новости”, "Дни” т.б. басылымдарда сан алуан мақалалар жариялайды. Ол қазақ халқының бостандығы үшін, үкіметтің қоныс аудару саясатына қарсы күрескен, 1916 жылы жұмысшы-қазақтардың соңынан өз еркімен майданға аттанған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновты және олардың жақтастарын "халықаралық империализмнің малайлары деп отырған” большевиктердің суайттығы мен жалақорлығын, зұлмат жылдары "қазақтардың иттің етін жеуге дейін барған кезінде” (А.Байтұрсынов) үкіметтің олардан шошқа етін тапсыруды талап еткенін, қазақтарға шынайы көмек көрсетуді алаш азаматтары ғана ұйымдастырғанын жас ұрпақтың әрқашан есте ұстағандары абзал деп көрсетеді "Бөкейханов пен Байтұрсыновты қазақ халқының жауы санау – тек қана қылмыскер фанатиктер мен жылы орын іздегендердің бастарына келетін топас та пасық ой”, дейді Мұстафа. Оларды ұлт зиялыларының көшбасшылары, ұлы тұлғалар ретінде сан рет еске алады. Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов – "атамекенімізді қара түнектен алып шығу жолында ұмытылыс қызметтер көрсеткен қайраткерлер” дейді.

М.Шоқай Алаш идеяларын алға жылжытып, әлемдік деңгейге көтерді. Ол бір сәт те Түркістан халықтарының азаттыққа қол жеткізетініне күдіктеніп көрген емес. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен халықтарының ұлттық автономия емес, дербес мемлекет үшін күресуі керектігі туралы идеяны тұңғыш ұсынып, қозғалыстың түпкі мақсаты, әдістері, жаулары мен одақтастары жөніндегі қағиданы негіздеп берді. Кеңес Одағындағы Алаш жетекшілері қазақ халқына Ресей Федерациясы құрамында өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беретін автономия берілуі үшін күрескен еді. Бұл идеяны кезінде М.Шоқайдың өзі де жақтады. Алаш автономиясының, Түркістан Мұхтариятының күшпен таратылуы, "орыс демократиясына” одақтас ретінде қарап, үміт артуға болмайтындығы, ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің қуғындауға түсуі Ресеймен федерациялық, не басқа сипаттағы бір мемлекет құрамында тең құқылы өмір сүруге болмайтындығын көрсетіп береді. Осыған байланысты М.Шоқай 1923 жылдың көктемінде Парижде Еуропа елдерінің мемлекет, қоғам қайраткерлері мен журналистері қатысқан конференцияда баяндама жасап, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының алдында тұрған бірден-бір мақсат толық тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет құру деп мәлімдейді. Сол бойда баяндама мәтіні Париждегі "Orіeent et Occіdent” журналында жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылады.

М.Шоқайдың бұрынғы автономия туралы идеядан толық тәуелсіздік идеясына көшуі жалғыз түркістандықтар үшін ғана емес, бүкіл әзірбайжан, украин, грузин, татар-башқұрт ұлттық қозғалыстары үшін аса маңызды факторға айналады. Мақала бүкіл Еуропа жұртшылығының қоғамдық ой-пікіріне әсер етеді.

Эмигранттық баспасөз беттерінде М.Шоқайдың бұл ұстанымы елдегі Алаш және Түркістан қайраткерлерімен келісілген деген мағлұмат та ұшырасады. Мұстафа егеменді ел болғаннан кейінгі уақытта түркістандықтардың (қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз халықтарын айтады – К.Е.) өмірін қалай ұйымдастыру қажеттігі жөнінде аса құнды ой-пікірлерін, тұжырымдарын қалдырды. Олар: түркістандықтардың өзінің өмір сүру кеңістігін, жер-суын, байлығын, халқының этностық бірлігін, тыныштығын сақтау, жастарының ұлттық тәрбие алуын қамтамасыз етуі, т.б. мәселелер. Мұстафа қазақ тілінің орыстандыру саясатындағы басты нысандардың бірі болып отырғанына үнемі үлкен абыржушылық танытып кетті. Бірақ ол тәуелсіз Түркістанның томаға-тұйық өмір сүруін емес, әлем елдерінің барлығымен қарым-қатынаста болуын, көпвекторлы саясат ұстануын қалады. "Менің білуімше, деп жазады А.Я.Шульгин, алдына қойған мақсатын орындап, азат Түркістанға басшылық ету жазғанда М.Шоқай Ататүрік ізімен жүретін еді, бірақ оған түгелдей еліктемес те еді”. Ол азат Түркістан өзінің ұлттық кескін-келбетін сақтай отырып, басқа мемлекеттермен бәсекелестікке қабілетті болу үшін батыс елдерінен көп нәрселерді үйренуі тиіс деп ойлады.

М.Шоқайдың бұл тұжырымы бүгінгі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылу саясатымен өзектес келеді. Жаһандану заманында халқымыздың ұлттық кескін-қабілетін, этникалық бірегейлігін, тілі мен ділін сақтап қалу да – қазіргі күрделі проблема. Большевиктік жүйе тарих сахнасынан кетіп, әр ұлт өз үйі ішінде өзі қожа болғаннан кейінгі уақыттағы мемлекетаралық қатынастар жөнінде айта келіп, Мұстафа тәуелсіз Түркістанның бұрынғы метрополия – Ресеймен өзара достық байланыста болуы геосаяси жағдайдан туындайтын міндет дейді. Автократиялық, демократиялық, не басқа сипатты Ресеймен қарым-қатынаста болу қажеттігін, бірақ оның өзара тиімділікке негізделуін, "жауапсыз достықтың зиянды” екендігін ескертеді.

Мұстафа мемлекетаралық қатынаста "мәңгілік дос”, "мәңгілік жау” деген түсініктер жоқ, мемлекетте тек мәңгілік мүдде ғана болады дейді. М.Шоқайдың біртұтас Түркістан туралы ой-пікірлерінің де Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азия одағын құру идеясымен сабақтастығы ерекше назар аудартады. Сөйтіп, Мұстафаның шығармашылық мұрасының заманауилық әлеуетін көрсетеді. Екі тұлғаның да ұсыныстарының өзегі Орталық Азия аймағындағы елдер арасындағы интеграциялық процестерді күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақыттағы ғаламдану заманында, оның жойқын күштеріне саяси, мәдени және экономикалық тұрғыдан бәсекелес бола алатын мемлекет қана қарсы тұрып, өзін ассимиляциялауға ұшыратпай, тарих сахнасында қала алады. Орта Азия республикаларының бірлесу процесін жеделдету жөніндегі пікірлер осы алаңдаушылықтан, кішігірім елдердің түптің-түбінде алпауыт мемлекеттерге тәуелді болып қалатыны жөніндегі болжамынан туындап отырғаны мәлім. Соңғы кездегі халықаралық оқиғалар бұл идеяның өміршеңдігін тағы бір рет көрсетіп берді.

Мұстафа Еуропа өркениетінің көкжиегін көлегейлеп тұрған елдермен достастық қарым-қатынаста болудың, әсіресе, Грузия мен Украинаның Түркістанның тәуелсіздігі үшін маңыздылығын есте сақтауды өсиет етеді. Ал әзірбайжандарға етене жақын бауырлас түркі халқы ретінде қарайды. 1934 жылы 28 мамырда Әзірбайжанның тәуелсіздік күніне байланысты түркі халықтарының одағы туралы Мұстафа жүрек тебірентерлік сөз сөйлейді. Оның Каспий теңізінің түркістандықтарды бөлмейтіні, қайта біріктіретіні туралы пайымдаулары бүгінгі күні де өзекті. "Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін”, деген болатын А.Я.Шульгин 1942 жылы.

Бүгінгі күні Мұстафа халық жадында да, жүрегінде де берік орын тепті. Оның маңдайына кез-келген тұлға ие бола бермейтін бақыт – өз халқымен үндес, тағдырлас болу жазылды. Мұстафаның қайраткерлік болмысын, ұланғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.

Авторы: Көшім ЕСМАҒАМБЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.


www.ilim.kz
 
Форум » Рефераты » Рефераты на Казахском языке » Әлем таныған тұлға Мұстафа Шоқай (2 бет) (Әлем таныған тұлға Мұстафа Шоқай (2 бет))
Страница 1 из 11
Поиск: